23.10.2026
Бүгін «Лозовое НОМ»-де 25 қазан – Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – оқушыларға Республика күнінің тарихи маңызы мен ел тәуелсіздігін қалыптастырудағы рөлін тереңінен түсіндіру, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді, ұлттық сана-сезімді және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру болды.
Мерекелік іс-шара барысында оқушылар Қазақстан Республикасының тарихына тоқталып, еліміздің егемендік жолындағы маңызды кезеңдері туралы білімдерін ортаға салды. Отанға деген сүйіспеншілікті, туған жерге деген құрметті дәріптейтін өлеңдер оқылып, патриоттық әндер шырқалды. Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздердің маңызы мен ел бірлігінің құндылығы кеңінен насихатталды.
Іс-шара барысында оқушыларға тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегені, ел егемендігін сақтау мен нығайту – әрбір азаматтың қасиетті борышы екені түсіндірілді. Жас ұрпақты елін сүюге, тарихын құрметтеуге, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге және Қазақстанның жарқын болашағы үшін жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге ерекше мән берілді.
Мерекелік шара оқушылардың бойында патриоттық рухты көтеріп, туған елге деген мақтаныш сезімін арттырды. Республика күні – халқымыздың бірлігі мен ынтымағын, тәуелсіздік пен егемендіктің қадірін айқындайтын ерекше мереке. Еліміздің көк байрағы әрдайым биікте желбіреп, Қазақстанымыздың болашағы жарқын, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!